Құрметті оқушылар және ата-аналар!

Кез келген адамның мақсаты – өзінің қабілетін пайдалана отырып, жетістікке жету. Сол арқылы бақытқа бөленіп, алдымен өзіне және отбасына, әулетіне, өсе келе қоғамға, еліне, бүкіл адамзатқа игі істер жасау. Яғни өзінің білімін, дарындылығын, жігерін, іскерлігін қолдану арқылы, жетістікке жету. Ал дарындылық дегеніміз – кез келген адамның бойынан табылатын қасиет. Әр адамда оны міндетті түрде өзгелерден ерекшелеп тұратын, ұтымды, артық ететін, кем дегенде бір талантының болатыны анық. Тек сол бір немесе бірнеше саладағы дарындылықты бойынан тауып, оны дамыту қажет!

Ал, дарындылықты анықтап, оны дамыту үшін Танымгер болу қажет!

Танымгерлік қағидалар қандай болады?

Бүгін Қазақстандағы ең күрделі проблеманың бірі – Бала өзін танымайды! Қай ортадан шықты, өзінің ерекшелігі қандай, қай салада өз-өзін дамыту керек. Өзін танымаған соң, қабілеттерін де білмейді. Әрине, оны білмегеннен кейін, бар қабілеттерді қалай және қайда пайдалану керек екенін анықтай алмай, таңдау жасағанда қиналады. Ал, дұрыс таңдамаса, жоғары жетістікке жете алмайды.

Сол үшін, бірінші өз тамырын зерттеп, білу керек. Мен қандай отбасында дүниеге келдім, ата-бабаларым қалай тіршілік жасады, ұлтым, елім, жерім қандай? Олардың ерешеліктері неде? Қандай қасиеттері ұтымды, сұранысқа ие, қай жағын әлде де дамыту қажет? Міне, ең бірінші осы сұрақтарға жауап іздеу керек.Тамырды білу арқылы, бала түп негізін біледі, болашақ жетістігінің ірге тасын қалайды.

Келесі қағида – Өзін тану! Нақты неге икемі бар, бойында қандай қабілеттері табылады, мінез-құлығында қандай ерекшеліктері бар. Осы сұрақтар арқылы, адам өз-өзін танып, мықты және дамытуы қажет тұстарын анықтайды.

Үшіншісі, ең маңыздысы – дұрыс таңдау жасау. Яғни, ең бірінші тамырын біліп, содан кейін өзін танып, таңдау жасау арқылы, ол адам – Танымгер болып шығады. Бұл – бірінші саты.

Келесі саты, Бала БІЛГЕН болуы қажет! Яғни, ол дегеніміз, таңдау жасағаннан кейін, өзінің бағыты бойынша ізденуі. Сол салада білім жинап, шыңдалуы. Еліміздегі күрделі мәселенің бірі – балалардың көбісі алған білімін іс жүзінде қолдана алмайды. Яғни, жаттанды білім деген, міне, осы! Оқылған дүние оқылған жерінде, тәжірибе барысында қолданыссыз қалуы. Серпіннің екінші мақсаты балалардың алған білімін, іс жүзінде қолданануды үйрету. Өйткені, бүгінгі күні практика мен теорияны ұштастыра білу – ең негізгі талап болып табылады!

Үшіншісі, оқушының таңдауы мен алып жүрген білімі арқылы, жетістікке жетуге іскерлік қасиетін қалыптастыратын, ІСКЕРМЕН сатысы. Іскермен адамның бойында іскерлік қасиетін қалыптастырады. Яғни, ол адам уақытты тиімді пайдалана біледі. Командада жұмыс жасай алып, кез келген өзгеріске дайын болады. Сонда, Бала өзін таныса, дұрыс таңдау жасаса және оны іскерлікке бағыттай алса, ол адамның Серпіліс жасайтынына Біз СЕНІМДІМІЗ!

Мемлекетті дамытатын жер байлығы емес, Адам! Сол себепті де, «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» демекші, егер, білім тамырға сүйенетін болса, адам өзін танып, білімін соған бағыттайтын болса, таңдау жасағанда соған жүгінетін болса, сонда ғана бұл – нағыз білім мен тәрбиенің ұштасуы деп атауға болады. Серпіннің мақсаты да сол, Танымгер, Білген, Іскермен үш жаңа бағыт арқылы, өз-өзіне сенімді, ойын ашық айта алатын, өзгерістерге дайын, кез келген жағдайда, мәселені өзінің еншісіне шеше алатын, тез ойланып, тез шешім қабылдайтын және сол шешіміне жауап бере алатын жастарды тәрбиелеп шығару.

Баланың бойындағы бар қабілетін неғұрылым ертерек анықтап, сол бағыт бойынша тереңірек білім алып, сол бағыт бойынша жан-жақты ізденіп, өзі сияқты талантты жастармен музыка немесе өнер, химия, физика, бизнес, спорт және т.б. салаларды таңдаған жастармен тығыз араласып, бір бірінен үйрену арқылы, дарындылығын шыңдау керек. Сонда нағыз Білген Азамат болады! (“ISKERMEN” кітабынан үзінді)

Сенің қазір алдыңда тұрған мына кітап, сол саланың бірі – математика.

Біз математика дегенде, формулаларды жаттап, тек қана есеп шығару деп ойлаймыз. Бірақ сандарды еркін пайдалану – адамды тез ойлануға машықтандырып, кез келген тапсырманың шешімін тауып, ми жұмысын жақсартады. Ал, егер осылай күнделікті миды жаттықтырып отырсаң, адамның бойында аңғарымпаздық қабілеті күшейеді. Сол арқылы, кез келген ақпаратқа талдау жасап, негізгісін бөліп алып, ерекше мән беруді үйренеді. Солай адамның логикалық ойлау қабілеті де қалыптасады. Оны жай ғана есеп деп айтуға келмес. Өйткені, ол – сені тез ойлантып, тез шешім қабылдауға көмектеседі. Сол арқылы, жаттанды білім емес, тұлғалық қасиеті бар, кез келген жерден озып шығатын, өзгерістерден қорықпайтын, ІСКЕР АЗАМАТТАРДЫ тәрбиелеп шығамыз. Бұл – өмірлеріңізде дамуға СЕРПІН береді!

Ал, таңғажайып сандар әлеміне саяхатты бастайық!

Ағалық ақ тілегіммен, Мұрат Әбен!

adminБіздің команда